Қазғұлов Алпысбай Нағыметұлы. Қазіргі заманғы қазақстандық кескіндемеші. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі (2000). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2013). «Парасат» орденінің иегері (2018). Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келген. 1980 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркем-графика факультетін бітірген. Абстракционизм және сюрреализм стилінде картиналар жазады. 1978 жылдан бастап республикалық және халықаралық деңгейдегі кәсіби бейнелеу өнері шеберлерінің көрмелеріне қатысып келеді. Жас суретшілер симпозиумдарына бірнеше рет қатысқан. Оның жұмыстары Астанадағы Қазіргі заманғы өнер музейінде, Президенттік мәдениет орталығында, А. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде сақталған.